І. Сөз басы Тарих дейтін: бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ілім. Қазақтың көбі оны «шежіре» деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарихты ең оңды мұғалім деп түсінеді. Тарих – түзу жөнді үйретуші деп айтады. Тарих халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүние де түзушіліктің кітабы. Тіршіліктің жолбасшысы деуге де болады. Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады. Қазақ ішінде һәр үйдің отағасы, һәр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре, бұрынғы өткен-кеткеннен естіген білгені болса, кейінгі жастарға соның бәрін айтып отырады. Бірақ ел ішінде жүрген шала моллалар, тарихтың не екенін білмеген надан қожалар тарих десе екі құлағы тік тұрады. «Тәйірі, тарих неге керек?! Ол не айтады дейсін; әншейін ертегі, өтірік қой! Құдайдың бұйрығы емес, Мұһаммедтің сөзі емес, оны оқу-білу не керек!» деп аңдау елге арамзалығын қылып, тарихтан жұрттың көңілін суытады. Тарих не айтады? –десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досты-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады. Бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен жақсы-жаман қандай уақиға бар болса, оның бәрі де өткендегі бір істің нәтижесінен туған болады. Со секілді, келешекте біздің басымызға түсешек бір уақиға, осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақшы. Тарих оқысақ, оның сөзін оқысақ қандай істен қандай нәтиже туатынын анық білетін боламыз: жақсы істен жақсылық, жаман істен – жамандық тумақшы. Бұрынғының «не ексең – соны орарсың» деген сөзінің терең мағынасы осы. «Құдай не жазса – соны көрерміз» деу соқырлықтың белгісі, тағдыр да жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Шөнкі (!) адам нені тілесе, Құдай соны тағдыр қылмақшы. Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес, ағаштың тамырына балтаның жүзі тисе – құрымақшы. Бұрынғының көбі күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қалғанының бәрі зорлық-зомбылық еді. Қанеки! Дүние ахиретте сонысынан не пайда көрмекші?! Қиамет күніне дейін сауабы барып тұратын ісі қайсы? Бәрі де қабірде шіріп жатыр. Жанының көрген күні қандай екені Құдайға ғана мәлім! Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз! Заралы істен қашпақшымыз! Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз! Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады. Бұрынғының тарихы жазылмай қалушы еді, ендігі тарих күні-күніменен жазылып тұрылады. Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих – түзу, жөнді үйретуші; тарих түзушіліктің кітабы; тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы. Біз әзіргі сөзді осының менен қысқарта тұрамыз. Мұнан соң «Қазақ» газетінде қазақтың анық шежіресін жазып тұрмақшымыз.
|