Saki
Меню сайта

Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 719

Главная » 2009 » Январь » 16 » Жансая
Жансая
07:59

Құрлықтың мықтыларының бас қосуымен Вьетнамда өткен Әлем чемпионатында қазақтың дарынды қызы ел намысын абыроймен қорғай білді. Шахмат ойынынан Қытай, Ресей, Үн­дістан, Канада елдері дес бермей жүрген еді. Бұл халықаралық турнирге барлығы 72 мемлекеттен 8 бен 18 жас аралығындағы 900-ге жуық алғыр ба­ла қатысты. Азия чемпионы болған Жансая 11 баламен кез­де­сіп, оның онында жеңіске жетті. Бір қызығы соңғы ойында Азия мен Еуропа чемпиондары бақ сынасып, Жансая Еуропа чемпионы, әзірбайжандық Гюнай Мамадзаданы ұтты. Чемпионның әкесі Данияр Әшіровтың айтуынша, Жансаяның өзіндік жүру шеберлігі қалыптасқан, қарсыласына шабуылды жақсы ойластырады. Қызына бұндай терең ойлау қабілеті әкесінен дарыған болар. Себебі, Даниярдың өзі де кезінде бірінші дәрежелі шахматшы болған екен. Өзі бағындыра алмаған биік асулардан енді балаларым асса екен деп тілейді. Балаларына шахматтағы әдістердің бірнеше түріне үй­ретіп, әрдайым кеңес беріп оты­рады. Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Флюра Хасанова мен халықаралық шебер Николай Перегудовтың тәлім-тәрбиесі де Жансаяның шахмат өнерінің қыр-сырын үйренуіне үлкен септігін ти­гіз­ген. Жансаяның өзінен екі жас үлкен ағасы Санжар да шахматтан Қазақстан бойынша күміс жүлдегер атанған болатын. 

 БАЛҒЫН ҚЫЗДЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ АЗ ЕМЕС

Шахмат ойынына небәрі бір жарым жыл бұрын ғана кіріскен бармақтай қазақ қызының аз уақыт ішінде қол жеткізген же­тістіктері жетерлік. Мысалы, ол 2007 жылдың қаңтарында ел чемпионатына қатысып,  тоғыз турдың нәтижесінде 8,5 ұпайды еншілеп, алтынды иеленді. Халықаралық жарысқа ең алғаш Украинаның Алушта қаласында шыққан болатын. Сол ашық чем­пионатқа ТМД және басқа да мемлекеттердің үздік деген балғын шеберлері қатысты. Жеті жасында Жансая он жасқа дей­інгі шахматшылар тобында бақ сынасты. Өзінен бірнеше жас үлкендермен болған ойында ұтымды жүрістерімен жеңіске жетіп, шетелдік шахматшыларды қайран қалдырды. Украина же­рінде де ел намысын абыроймен қорғай білді. Ол бұған дей­ін бар болғаны екінші дәрежелі шахматшы болған еді, енді бір­ден спорт шеберлігіне үміткер ретінде танылды. Естеріңізге сала кетейік, әлемге әйгілі Каспаров, Карпов, Чибурданидзе, Анандтар спорт шеберлігіне үміт­керлікке сегіз жаста қол жеткізген екен. Жансая олардан асып түсті. Азия елдері бойынша Тегеран қаласында өткен жарыстан Жансая Даниярқызы алтын медальды иеленіп, Азия чем­пионы атанған еді. Енді мі­не, сегіз жасында әлемді аузына қаратып отыр.

 ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕН ДАРЫН БА, ӘЛДЕ ЕҢБЕК ПЕ?  

Әлемдік жарысқа дайындық жаз бойы жүргізілген екен. Бас­қа балалар жазғы демалысты ойынмен өткізгенде Жансая шах­маттың түрлі әдістерін үйренумен болады. Анасы Алма Тө­ребекова, уақытын босқа ойынмен өткізгенше өзіне пайдалы іспен айналысқаны дұрыс дейді. Сонда кішкентай қыздың балалық өмірі тек шахматпен өтпек пе деушілер де жоқ емес.

- Қызымның басты қызығушылығы шахмат өнерінде. Бір­ақ, бұдан бөлек мәнерлеп сырғанау да ұнайды. Бос уақытында конький тебумен, суға жүзумен айналысады, - дейді Алма.

       Бастапқы кезде шахматтан көп үмітті ұлдары Санжардан күткен екен. Ағасының беріліп ойнайтын ойыны біртіндеп Жансаяны да тарта бастапты. Ол 64 тор көзді тақта үстіндегі ойынды тез меңгеріп кетеді. Алғаш­қы жаттықтырушысы, спорт ше­бері Тамара Гудова бірнеше мәрте жаттығу жұмыстарынан кейін Жансаяның дарынын ары қарай өрбіту қажеттігін, бұл қыз­­ды білікті бапкердің қолына табыстау керектігін ескертеді. Қазір Жансая ағасымен бірге «Алтын жастар» деп аталатын дарынды балалар тобында жүр. Жансая ұлдардың арасындағы жалғыз қыз, әрі ең үздігі.

     Кішкентай чемпион өз қатарластарының арасында ғана емес, сонымен қатар үлкендер арасында да өз табандылығымен көзге түсті. Алматыда әйелдер арасында ұйымдастырылған «Дебют» шахмат клубындағы ірі турнирге қатысып,  көпшілікке танымал шахматшы­лармен бәсекеге түскен болатын. Осы турнирде Азия және әлем чемпионатында үлкендермен ойнап, тә­жірибе жинақтап алған ол ересек шах­матшыларды да ұтып кетті.

     Зерек қыздың апалы-сіңлілі Эльмира және Гүлнар Сақатовалар, Ләззат Тәжиева сияқты қазақтың шахматшы қыздарының жолын жалғастырып, биік­терден көрінетініне сеніміміз мол. Тек еліміздің мерейін өсі­ретін дарындарға көңіл бөлініп, шетелдік жарыстарға қатысуына мүмкіндік жасалса екен. Олай дейтініміз, осы жолғы әлемдік турнирге Вьетнамға барып келу үшін бір адамға 190 000 теңге қаражат қажет болған. Ондай қаржы қарапайым адамда қайдан болсын, көмек сұрап, Жансаяның әкесі талай есікті тоздырыпты.

      Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ,  ҚР Шахмат федерациясының президенті:

    - Шахмат ойыны қыздар арасында жақсы дамып келеді. Мысалы, жуырда Вьетнамда өткен жарыстан 16 жастағылар арасынан Раушан Әбілқасымова (5-ші орын), 12 жасар Динара Сәдуақасова (8-ші орын), Әйгерім Рысбаева 18 жастағылар арасынан (9-шы орын) жақсы көрсеткішпен оралды. Әлемдегі ең мықты мемлекеттердің арасынан елімізден барған қыздарымыздың ондыққа енуі үлкен дәреже. Бұл жерде кішкентай ғана Жансаяның орны тіптен бөлек. Ол - еліміздің мақтанышы. Тәжірибе жинақтап, шахмат өнерінің қыр-сырымен жете танысу үшін осындай халықаралық үлкен турнирлерге қатысып отыру қажет-ақ.

      Николай ПЕРЕГУДОВ, Жансаяның бапкері:

   - Жансаяның өзіне тән ерекше қасиеттері бар. Шахмат ойыны сабырлылық пен дұрыс ойлауды, сонымен қатар есте сақтау қабілетін талап етеді. Сонымен қатар, қиын кезеңдерде одан шығу жолын таба білу қажет. Міне, осының барлығы Жансаяның бойынан табылады. Ол алғырлылығымен озып жүр. Менің көрсетіп берген әдістерімді есіне сақтап, керек кезінде дұрыс қолдана алады. Мейлі ол екі-үш ай бұрын болсын, кез-келген уақытта пайдаланады. Әрине, оның жасы небәрі сегізде. Соның өзінде қатарластарынан оқ бойы озып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Осымен тоқтап қалмай, талабын шыңдай түсу керек.

     Жансаяның есімін киелі Түркістан қаласындағы Қазақ-түрік халықаралық университе­тінің профессоры, білікті химик Әбді­мәлік Манапұлы қойыпты. Ол 2000 жылы немересі туғанда түс көреді. Түсінде ата-бабалары «немереңнің атын Жансая қой. Әрі оны өз атыңа жаздыр, бұл бала сенің атыңды төрткүл дүниеге мәшњүр етеді» деп, аян бере­ді. Бұл түсінің жайдан емес екенін сезген ақсақал немересінің атын Жансая қойып, тегін Әшіров емес, Әбдімәлік деп жазғызыпты.

 

Просмотров: 2338 | Добавил: zolotoichelovek | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Январь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика


Copyright MyCorp © 2024
Сайт управляется системой uCoz