Saki
Меню сайта

Категории каталога
nekrologia [5]

Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 719

Главная » Статьи » nekrologia

Сак мадениетінін саркыты

Сақ мәдениетінің сарқыты

Қазақтың көне тарихы – Сақтар мәдениеті көмбесінің бір бөлігі Сыр бойында көміліп жатқаны белгілі. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік Рабат, Бәбіш молла, Бұланды тарихи-мәдени ескерткіштерін көздің қарашығындай қорғап отырмыз ба?
Дерегі біздің дәуірімізден әрі тартатын қалаға жуырда атышулы Хорезм, Шірік Рабат зерттемелерінен кем түспейтін ақпарат құралдары экспедициясы табан тіреді. Тұншыққан тіршілікке телекамера, фотоаппарат арқылы ХХІ ғасырға үңілу, ұрпаққа қалар мұраны ұлықтау, ғибраттау идеясының авторы – мәдениет қамқоры Берік Жүсіпов еді.

Асай-мүсейін асынған әріптестермен бірге күннің күрт бұзылғанына қарамастан, жолға шықтық. Қызылорда қаласын қосып есептегенде, алдымызда 300 шақырымдық арақашықтық жатыр. Әуелі Қармақшы ауданының Тәйімбет Көмекбаев ауылына қонып, ертесіне таң алакеуімде осы жерден жүз шақырым шамасындағы, Қарақалпақстанмен шегаралас Шірік Рабатқа бет алдық. Батпақты, азапты даламен жүріп отырып, діттеген жерімізге түс ауа діңкелеп жеттік. 12 гектар аумақты алып жатқан киелі мекен Толстов келтірген деректемедегідей ұзындығы – 850, ені – 600 метр шеңберлі, қалыңдығы 5 метр шамасындағы алып қорғанмен қоршалыпты. Жолбасшымыз – Ресей ҰҒА Миклуха-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының аспиранты, Шірік Рабат археологиялық экспедициясының мүшесі Әзілхан Тәжекеев бірнеше жылдың басын қамтыған қазба жұмыстарының қорытындысымен таныстырды.
– Шірік Рабаттың өмір сүру уақыты бірнеше кезеңнен тұрады, – деді ол. – Әуелгісі б.д.д. V-VІІ ғасырлар болса, тіршілік орта ғасырда қайта жанданған. Екі қоныстанудың айғағы – бірінің үстіне бірі түскен қорғандардың қималық қабаттары. Зерттеу барысында бұл орынның қала жұрты емес, Сақ патшаларының қорымы екеніне көз жеткізе түстік. Күзет мұнаралары мен обалар жауынгерлердің қорымды қағбадай қорғағанын көрсетеді. Ал халқы осы маңнан он шақырым қашықтықта орналасқан. Жұрттағы заттық айғақтар, каналдар, алқаптар сілемі – соның дәлелі.
Маманның дерегінше, бес жыл ішінде алты оба қазылыпты. Некропольдің орта тұсына келіп, 9 метр тереңдікті үңгу кезінде археологтар күрегіне ерекше жерлеу құрылысы ілігеді. Лахаттағы үш мәйіттің маңынан темір қылыш қалдығы, алтын жапсырмалар және керамикалық ыдыс табыла кетеді. Әзірге мәліметтің мәйегі ыдыс болып отыр. Себебі сыртындағы жазу – қаладағы алғашқы таңба. Ресейдің және отандық ғалымдардың жобалауынша, он бір әріптің мағынасы «Кир құдайының шапағатымен өмір сүрген адам» немесе «Жолың болсын, банар» дегенге саяды. Қалақпен қала қазған археологтардың тағы бір бейнеті қайтып, құм бетіне «АКАSІ» тақылеттес таңбасы бар екінші құмыра да шығыпты. Билеушілер бейіті деген тұжырымның негізі аталған жазбада жатқан секілді.
Тарихи жазбаларды сүзгілесек, Шірік Рабат екі мың жыл тіршілік кешкен. Хорезм экспедициясының қорытындысы бойынша, қабырғалы қала жау шабудың емес, жанай өтетін өзендердің өріс өзгертуімен өз өмірін өшірген. Киелі мекенді аралап жүріп, күллі қазақ тарихына жаңа парақ қосатын, тамырымызды тереңге тартатын, көздің қарашығындай археологиялық ескерткіш үстінен, сақ патшаларының сай-сүйегін сырқыратып, өз еліміздің шегара қызметінің ауыр автокөлігі өтетінін көріп, қиналып қалдық. Оған дәлел – күре жол. Өлісін де, тірісін де, кейінгі ұрпағын да жаудан қорғаған қайран жауынгер бабалар өз ұланының жонын жол қылғанын көтеріп қашанғы жатар?! Молаға қолын шошайтпайтын қазақтың баласы болса, шегара сарбаздарының төте жолды тарихи жәдігер үстінен іздемегені жөн! Өзің сыйламағанды өзге қадірлесін бе, қаланың қақ төбесіне қарақалпақ ағайындар «Бұл жерде 1827 жылы тамызда қарақалпақ халқының аға биі Айдос би өлтірілді» деген ескерткіш тақтаны он екі жыл бұрын орнатып кетіпті.
Көшпелі топ Шірік Рабаттан қырық шақырым қашықтықта орналасқан Бәбіш молла мавзолейіне де ат аялдатты. Әуелі ХVІІІ ғасырдың аяғында Түркістан әуесқой археологтары есепке алып, Толстов тобы зерттеген тарихи ғимараттың 4000-нан аса жәдігері Алматыдағы орталық мұражайға жеткізіліпті. Сақ дәуірінің өркениет ошағы, билеушілердің жайы болған мекен толық зерттелген. Демімізді ішке тартқызған және бір жайт – Хорезм экспедициясының көшпенділердің архитектуралық мәдениетінен сыр шертетін аспан асты мұражайын аяқасты етіп, астан-кестен күйде қалдырғандығы еді. Қара да тұрыңыз, қалаларымыз осылай мәлімет үшін ғана қазыла берсе, мәдениетінен бірер жылда масақтай да қалмайды. Сірә, археологтардың «Ескерткіштерді сақтаудың бір жолы – қазбау» деген қанатты сөзі осындайда ауыздан шықса керек. Ойымызды оқығандай кейіп танытқан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Берік Жүсіпов: – Сыр өңірінде 500-ге тарта ескерткіш бар делінеді. Бірақ олардың барлығы түгенделіп, есепке алынды деп айта алмаймыз. Бұл – өкінішті мәселенің бірі. Соның ішінде жүзге тарта ескерткішін қойнына тыққан Қармақшы өңіріндегі Шірік Рабат қаласы, Бәбіш молла және Бұланды жәдігерлерін айрықша айтамыз. Байқап отырғандарыңыздай, ескерткіштердің деніне әлі күнге тақтайшалар ілінбеген, қорғалуы көңіл көншітерлік емес. Келесі жылдың бюджетіне осы мақсат үшін қаржы қарастыруымыз керек. Өлкеміздегі жәдігерлерді суретке түсіріп, анықтамалығын шығаруды бүгіннен бастап қолға аламыз – деді.
Екі күнге созылған саяхат Сақтар мекенінде осылай саябырсыды. Ойымызды біз де ояттық. Кезінде Толстов «Арал түйіні» деп атаған, Арал өңірінің археологиялық ескерткіштері аса қамқор қолға қарап тұр. Әуелі қалаларымыздың «мұрнынан» тізіп, жай-күйін зерделеп алсақ, әрі қарай менмұндалаған «Мәдени мұра» арқылы құндылықтарымызды ең болмаса сақтап қалуға қол жеткізсек, бір жылдары туризм тармағы түзілсе, келер буынға келелі нәрсе қалдырғанымыз.

Нұрбек ӘМИША
Қызылорда облысы

Категория: nekrologia | Добавил: zolotoichelovek (11.11.2008)
Просмотров: 2468 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 5.0/1 |
Всего комментариев: 1
1 Натан  
0
хм... Интересно

Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Поиск

Друзья сайта

Статистика


Copyright Oskenbai S.A. © 2024
Сайт управляется системой uCoz